Өзбекстан үкіметі мемлекеттік ұйымдар қызметкерлері үшін жұмыс күнінің басталуын екі сағатқа ресми түрде кейінге шегерді. Өзбекстанның әлем чемпионатындағы дебюттік матчы 18 маусымда сағат 07:00-де басталады, сондықтан мемлекеттік ұйымдар жұмысын таңғы сағат 10:00-де бастайды, ал жанкүйерлер таңертең тарихи матчты көре алады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Мұндай бұйрықты ел президенті Шавкат Мирзиёев берді, себебі Өзбекстан мен Колумбия арасындағы матч Мехикодағы «Ацтека» стадионында Ташкент уақыты бойынша сағат 7:00-де басталады. Бұл туралы сәрсенбіде мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Шерзод Асадов мәлімдеді.

Жеке кәсіпорындар жұмыс уақытын өз мүмкіндіктеріне қарай өздері белгілейді, деп атап өтті ол.

«Әрине, біздің құрметті президентіміз, 40 миллиондық халқымыз сияқты, бұл матчты асыға күтеді. Барлық дерлік келіссөздерде шетелдік қонақтар біздің ұлттық құрамамызға сәттілік тілейді», — деді Асадов.

Оның айтуынша, Мирзиёевтің өзі матчты «немерелерімен отбасылық шеңберде» көреді.

Өзбекстан құрамасы футболдан әлем чемпионатының финалдық кезеңінде тарихта тұңғыш рет өнер көрсетіп отыр. Фабио Каннаваро жаттықтыратын команда K тобында Португалия, Колумбия және ДР Конго құрамаларымен бірге ойнайды.

Айта кетейік, Өзбекстан мұндай шараларға барған жалғыз ел емес: бұған дейін 2026 жылғы әлем чемпионатында Ирак билігі өз құрамасының матчы үшін жұмыс күнін дәл осылай ауыстырған болатын.

Бұған дейін «Курсив» Португалияның 2026 жылғы әлем чемпионатының басында ДР Конгоны жеңе алмағанын жазған болатын.

Португалия құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатының бірінші турында ДР Конго құрамасымен тең ойнады — 1:1. Голдарды Жоау Невеш пен Йоан Висса соқты.