Өзбекстанның "My Freighter" (Centrum Air) әуе компаниясы Қазақстанға жаңа бағыт ашады, деп хабарлады көлік министрлігі. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Осылайша биыл 13 маусымнан бастап өзбектің "My Freighter" (Centrum Air) әуе компаниясы Қазақстанға "Ташкент – Қостанай" жаңа әуе бағытын ашуды жоспарлап отыр. Рейстер аптасына 1 рет (сенбі күндері) "Airbus 320" үлгісіндегі әуе кемелерімен орындалады.

Сонымен қатар Арменияның "FlyOne Armenia" әуе компаниясы Қазақстанға рейстер ашады. Осы жылдың 12 маусымынан бастап Қазақстанның әуе тасымалы нарығына Арменияның жаңа шетелдік әуе тасымалдаушысы – "FlyOne Armenia" әуе компаниясы қосылды. Әуе компаниясы Ереван – Алматы бағыты бойынша аптасына 2 рет (дүйсенбі және жұма күндері) тікелей тұрақты жолаушылар рейстерін орындай бастайды.

Нәтижесінде Қазақстан мен Армения арасындағы рейстердің жалпы саны аптасына 3 рейстен 5 рейске дейін артады, - деп жазылған хабарламада. Қазақстан мен Армения арасындағы жаңа әуе қатынасының ашылуы екі ел арасындағы сауда-экономикалық, іскерлік, инвестициялық, туристік және мәдени ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал етеді, дейді министрлікте.