Өзбекстан құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатының K тобының соңғы матчында ДР Конгодан 1:3 есебімен жеңіліп, дебюттік турнирін ұпайсыз аяқтады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Кездесу 28 маусымда Атлантадағы «Мерседес Бенц» стадионында өтті. Өзбекстан матчты сәтті бастап, 10-минутта капитан Эльдор Шомуродовтың голымен есеп ашты. Алайда Фабио Каннаваро жаттықтыратын команда басымдылығын сақтай алмады.
Екінші таймда ДР Конго ойын барысын толығымен өзгертті. 68-минутта Йоан Висса пенальтиден гол соғып, есепті теңестірді. Он минуттан кейін Ибрагим Майеле африкалық құраманы алға шығарды, ал қосымша уақытта Висса дубль жасап, түпкілікті нәтижені белгіледі – 3:1.
Бұл жеңіліс Өзбекстан үшін турнирдегі үшінші болды. Команда тарихта тұңғыш рет әлем чемпионатына қатысып, топтық кезеңді ұпайсыз аяқтады. Үш матчта өзбекстандықтар екі гол соғып, 11 гол жіберіп алды.
Параллельді кездесуде Колумбия мен Португалия 0:0 есебімен тең ойнады. Бұл нәтиже колумбиялықтарға топта бірінші орынды сақтап қалуға мүмкіндік берді: команда жеті ұпай жинады. Португалия бес ұпаймен екінші болды, ДР Конго төрт ұпаймен үшінші орынды иеленді.
Колумбия 1/16 финалда L тобынан үшінші орынмен шыққан Ганамен ойнайды. Португалия L тобында екінші орын алған Хорватиямен кездеседі.
ДР Конго Өзбекстанды жеңгеннен кейін үздік үшінші командалардың бірі ретінде плей-оффқа шықты. Оның 1/16 финалдағы қарсыласы – L тобының жеңімпазы Англия.
