Өскеменде Ұлттық ұлан офицері әйелдің алтын бұйымдарын тартып алды деген күдікке ілінген ер адамды ұстады, деп хабарлады Ұлттық ұланның баспасөз қызметі. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға Ұлттық ұланның 3477 әскери бөлімінің әскери қызметшісі Бақтияр Өмірзақ қызметтен үйіне қайтып бара жатқан кезде болған.
«Майор Өмірзақ тұрғын үйлердің ауласында қашып бара жатқан адамды көреді. Оның артынан жүгірген әйел офицерден алтын бұйымдарын ұрлап кеткен адамды ұстауға көмек сұрайды», – делінген хабарламада.
Ол күдіктіні мектеп стадионының аумағында қуып жеткен. Кейін оқиға орнына полиция қызметкерлерін шақырып, ұсталған адамды оларға тапсырған.
«Мен көмек қажет екенін түсіндім де, бейжай қалмай, бірден әрекетке көштім. Бар мақсатым – қашқынды жіберіп алмай, сақшыларға тапсыру болды», – деді Бақтияр Өмірзақ.
Ұлттық ұланның мәліметінше, офицердің бұл әрекеті оның қызметтен тыс уақытта да азаматтық жауапкершілік танытып, көмекке мұқтаж адамдарға қолдау көрсеткенін аңғартады.
