Өскемен қаласында Ұлы Отан соғысының ардагері Макар Харин 100 жылдық мерейтойын атап өтті. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Ардагерді құттықтауға аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов та барды. Макар Родионович оған майдандағы жолы туралы әңгімелеп берді.
Макар Харин 1926 жылы 10 тамызда Алтай өлкесінің Чарыш ауданындағы Маралиха ауылында дүниеге келген. 1943 жылы Кеңес әскерінің қатарына шақырылып, майданға аттанған. 52-гвардиялық атқыштар дивизиясының 153-гвардиялық атқыштар полкінде минометші болып қызмет етті.
Ленинград және Прибалтика майдандарындағы ұрыстарға қатысты. Ал 1944 жылы ауыр жараланып, әскерден босатылған.
Макар Родионович ерлігі мен қайсарлығы үшін III дәрежелі Даңқ, Қызыл Жұлдыз, II дәрежелі Отан соғысы орденімен және "1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Германияны жеңгені үшін" медалімен марапатталған.
Соғыстан кейін туған ауылында еңбек етті. 1961 жылы Өскеменге көшіп барған. Үй құрылысы комбинатында және облыстық газ шаруашылығында жұмыс істеді.
Бүгін 100 жасқа толып отырған ардагердің үйі жанында шатыр тігіліп, концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Ал әскери қызметшілер Макар Родионовичтің алдында салтанатты маршпен жүріп өтті.
