Өскеменде миграция қызметі үш жалған уақытша тұруға рұқсатты анықтады. Оларды жасауға 28 жастағы жергілікті тұрғын қатысты деген алдын ала деректер бар. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Құжаттар көрші мемлекеттің 25, 33 және 37 жастағы үш азаматына арналған. Полиция қай мемлекет екенін нақтылаған жоқ.
Тексеру кезінде рұқсаттар белгіленген рәсімдеу тәртібінен өтпегені және ресми есепке алу деректерінде жоқ екені анықталды.
«Ресми есепке алу деректері бойынша тексеру көрсетілген құжаттарды миграция қызметі бермегенін растады», — делінген хабарламада.
Осы факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Әйелге қатысты келу туралы міндеттеме қолданылды.
Полиция Қазақстанда заңды тұру үшін құжаттарды белгіленген тәртіппен рәсімдеу қажет екенін еске салды. Жалған рұқсаттарды пайдалану жауапкершілікке әкелуі мүмкін.
