Шығыс Қазақстан облысында полиция қызметкерлері есірткі сатуға күдікті Өскеменнің 49 жастағы тұрғынын ұстады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Polisia.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Полиция мәліметінше, аймақта есірткінің заңсыз айналымына жол берілмей, ірі партия марихуана тәркіленді. Операция «Қарасора — 2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында жүргізілді.
Полицияға есірткінің заңсыз сатылуы туралы ақпарат түскен. Жедел қызметкерлердің бақылауымен күдіктімен хат алмасу ұйымдастырылып, тараптар есірткі сатып алу туралы келісімге келген.
Күдікті тыйым салынған затты тапсыру кезінде қолма-қол ұсталды.
Ер адамның тұрғылықты жерін тінту және қарау кезінде полицейлер есірткінің бірнеше ірі партиясын тапты. Құқық қорғаушылардың анықтауынша, есірткі полимер пакеттерге оралып, одан әрі сатуға дайындалған.
Сараптама қорытындысы бойынша, тәркіленген зат марихуана болып табылады. Есірткінің жалпы салмағы 2,8 кг-нан асты.
Сонымен қатар, полиция қызметкерлері қолма-қол 1 млн теңгеден астам ақша тәркіледі.
Осы факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Полиция есірткінің заңсыз айналымы қоғамға үлкен қауіп төндіретінін және Қазақстан заңнамасында көзделген қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салды.
Бұған дейін «Курсив» Ақмола облысында полицейлер 30 млн теңгеге синтетикалық есірткі тәркілегені туралы хабарлаған болатын.
