Өскеменде криминалдық полиция қызметкерлері жергілікті тұрғынның 3 млн теңгеге жуық қаражатын алаяқтардан сақтап қалды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Алаяқтар әйелге домофон қызметінің қызметкерлері ретінде танысып, оған қысым көрсеткен. «Олар әйелге домофонды ауыстыру қажет екенін айтып, қысым көрсеткен. Нәтижесінде қала тұрғыны өзінің жеке деректерін берген», — деп жазылған полиция хабарламасында.

Үлбі полиция бөлімінің қызметкерлері Жанарбек Бекенбаев пен Дулат Мәжитов жағдайды дер кезінде байқап, алаяқтардың әрекетін тоқтатты.

Полиция азаматтарға сақ болу қажеттігін ескертті. «Егер бейтаныс адам телефон арқылы банк картасының нөмірін, құпия сөзді немесе SMS арқылы келген кодты сұраса, ешқандай ақпарат бермеңіз. Сондай-ақ бейтаныс адамдардың айтуымен ақша аудармаңыз. Күмәнді қоңырау болса, әңгімені бірден тоқтатып, банкке немесе полицияға өзіңіз ресми нөмір арқылы хабарласыңыз», — дейді құқық қорғаушылар.