Қазақстандық еркін күрес шебері Нурасыл Асамбек (57 кг) Словакия астанасы Братиславада өтіп жатқан жастар арасындағы әлем чемпионатының қола медалін жеңіп алды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Асамбек жарыстың алғашқы кезеңінде украиналық Аббас Хусейновты 4:2 есебімен, ал франциялық Гаспар Камиль Чейнуаны 11:0 есебімен ұтты. Ширек финалда америкалық Майкл Кортеске 0:6 есебімен жол берген ол, жұбаныш кезеңінде қытайлық Чентао Ванга 10:5 есебімен тізе бүктірді. Қола жүлде үшін өткен белдесуде өзбекстандық Ұлықбек Рашидовты 13:6 есебімен жеңді.
Тағы бір қазақстандық балуан Бейбарыс Ерғали (92 кг) қола жүлдеге таласу жолын швейцариялық Яцек Фудалейден 9:2 есебімен басым түсумен бастады. Кейін ол украиналық Егор Горохты бөлек шешіммен (3:3) жеңді. Грузиялық Сандро Курашвилиге жартылай финалда 1:6 есебімен есе жіберген Ерғали, қола үшін болған белдесуде америкалық Джеймс Мерле Мастныдан 2:3 есебімен ұтылып, төртінші орынға табан тіреді.
Ералы Аскербек (65 кг) пен Айбек Калиахмет (79 кг) алғашқы кезеңдерде жеңіліп, бүгінгі медальдарды бөлісуге қатыспады.
Чемпионаттың соңғы күні қарсаңында Қазақстан құрамасының қоржынында төрт медаль бар. Грек-рим күресінен Қызыбек Қалмағамбетов 67 келіге дейінгі салмақта алтын, еркін күрестен Бекасыл Асамбек (61 кг) күміс, ал Улдана Тилеухан (68 кг) пен Нурасыл Асамбек қола жүлдегер атанды.
Халықаралық күрес федерациясының (UWW) эгидасымен өтіп жатқан әлем біріншілігіне 700 жас спортшы қатысуда. Олар грек-рим, еркін және әйелдер күресінен 120 медаль жиынтығын сарапқа салуда.
Қазақстан атынан Братиславада 30 спортшы – 20 жігіт пен 10 қыз өнер көрсетуде. Турнир 23 тамызда аяқталады.
