NVIDIA компаниясының негізін қалаушы және президенті Дженсен Хуанг мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуінде Қазақстанды Physical AI әлемдік хабына айналдыруды ұсынды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамытуды ұлттық басымдық ретінде атады. «Мемлекет басшысы NVIDIA мен Higgsfield компаниялары арасындағы әріптестікті қуаттайды. Оның айтуынша, халқымыз аталған компанияның отандық технологиялық жобаларға атсалысқанын құп көреді», - деп жазылған хабарламада.

NVIDIA жетекшісі президенттің жаңа өнеркәсіптік революцияның бастапқы кезеңінде Қазақстанды жасанды интеллект елі ретінде өркендету жөніндегі стратегиялық мақсатын жоғары бағалады. Бұл бастама жасанды интеллектіні дамытуға және оны кеңінен енгізуге бағытталған.

Бұдан бөлек, компания басшысы Қазақстанды Physical AI әлемдік хабына айналдыруды ұсынды. «Жасанды интеллектіні дамыту үшін, ең алдымен, мол қуат көзі, сондай-ақ ғылым, математика мен технология салаларында білім-білігі жоғары мамандар керек. Осы бағыттардың әрқайсысын дамытуға Қазақстанның әлеуеті жеткілікті», – деді Дженсен Хуанг.

Сондай-ақ ол NVIDIA компаниясы қазақстандық, соның ішінде Firebird AI KZ Ltd және «Қазақтелеком» компанияларымен серіктестік байланыстарды дамыта бастағанын атап өтті. «Сонымен бірге Қазақстанның алғашқы технологиялық сыңармүйізі саналатын Higgsfield компаниясына қолдау көрсетеміз. Бұл жоба жаһандық технологиялық экожүйеде ойып тұрып орын алды. Бірге атқарған жұмыстарымызға дән ризамын. Бұл біз еңсеретін жолдың басы ғана», – деді компания жетекшісі.

Physical AI — физикалық жасанды интеллект, ол роботтарға, дрондарға және ұшқышсыз көліктерге цифрлық ортада деректерді өңдеумен ғана шектелмей, материалдық әлеммен тікелей өзара әрекеттесуге мүмкіндік береді.