Қазақстандық ауыр атлет Нұржан Жұмабай Колумбияда өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында топ жарды. Бұл туралы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап Qazaqyia.kz порталы хабарлайды.
Отандасымыз 88 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғады. Ұлттық Олимпиадалық комитеттің хабарлауынша, Нұржан Жұмабай қоссайыс қорытындысы бойынша 348 (155+193) келіні еңсерді. Сондай-ақ серпе көтеруде әлем рекордын жаңартты.
Күміс медальді Эрик Гуадамуд (Испания) жеңіп алды - 344 (156+188) келі. Ал Хосе Мантилья (Мексика) үздік үштікті түйіндеді - 335 (151+184) келі.
