«Нұрлы жол – Арқалық» пойызының қатынау мерзімі жыл соңына дейін ұзартылды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

«Қазақстан темір жолы» компаниясының хабарлауынша, бұл шешім жолаушылардың сұранысын ескере отырып қабылданған.

«Ақмола және Қостанай облыстары тұрғындары үшін теміржол қатынасының қолжетімділігін арттыру және сапарға қолайлы жағдай жасау мақсатында "Жолаушылар тасымалы" АҚ №225/226 "Нұрлы жол – Арқалық" жолаушылар пойызының қатынау мерзімін 2026 жылдың соңына дейін ұзарту туралы шешім қабылдады», - деп жазылған хабарламада.

№225/226 «Нұрлы жол – Арқалық» пойызы бастапқыда жолаушылар ағынын зерделеу үшін тамыз айының соңына дейін сынақ тәртібімен іске қосылған болатын. Бағыттың тағы бір ерекшелігі – пойызда Starlink технологиясы арқылы спутниктік интернеттің іске қосылуы.

Ал пойыздың қолайлы жүру кестесі жолаушыларға өңірлер арасындағы сапарын ыңғайлы жоспарлауға мүмкіндік береді. Пойыз күнара қатынайды.

Бағыт бойынша пойыз Нұрлы жол, Жалтыр, Атбасар, Жақсы, Есіл, Державинск, Арқалық және басқа да станцияларда аялдайды.