Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай әлемге әйгілі актер Джеки Чанды әуежайда арнайы қарсы алғаны үшін сынаған желі қолданушыларына жауап берді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Әкімнің айтуынша, Джеки Чанды Маңғыстауға тарту үшін бірнеше ай бойы жұмыс жүргізілген. "Артынан үш-төрт ай жүріп, Маңғыстауға алып келдік. Маған салсаңыз, Маңғыстауды дамытатын, экономикасына оң ықпалын тигізетін, Маңғыстауды әлем аренасында көрсететін сол кісілердің иттері келсе де, күтіп аламын", – деді Нұрдәулет Қилыбай.

Әкімнің сөзінше, мұндай деңгейдегі танымал тұлғалардың өңірге келуі Маңғыстаудың туристік және инвестициялық әлеуетін танытуға мүмкіндік береді. Бұл өңірдің халықаралық аренада танылуына жол ашады.