Шымкентте Нұрай Серікбайды асқан қатыгездікпен өлтірген адамға өмір бойына бас бостандығынан айыру туралы үкім шықты. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 125-1-бабының 1-бөлігі (некеге тұруға мәжбүрлеу), 115-1-бабы (сталкинг – адамның еркіне қайшы онымен байланыс орнату, аңду), 99-бабы 2-бөлігінің 5) тармағымен (аса қатыгездікпен адам өлтіру) баптарымен сотта қаралды.
Оқиғаның мән-жайы
Сотта анықталғандай, 2025 жылғы 4 қазанда сотталушы Нұрай Серікбайды Алматы қаласынан Шымкент қаласы бағытында автокөлігімен алып шығып, жолға шыққан. Сотталушы жәбірленушіге «қарсыласқан жағдайда немесе басқа да әрекет жасайтын болсаң, екеуміз жол-көлік апатына түсеміз» деп қорқытып, 2025 жылғы 5 қазанда Шымкент қаласындағы үйіне алып келіп, жәбірленушінің қарсылығына қарамай, қолындағы ұялы телефонын тартып алып, еркінен тыс үйіне алып кіріп, некеге тұруға мәжбүрлеген.
Алайда, сол күні жәбірленушінің ағасы мен қарындасы оның өз еркімен келмегенін біліп, жәбірленуші өзін алып кетуді сұраған соң, оны алып кеткен.
Қылмыс
2026 жылғы 11 қаңтарда Шымкент қаласында сотталушы А. жәбірленушіге саябаққа серуендеп келу туралы ұсыныс жасаған. Жәбірленуші С. бұл ұсыныстан бас тартқан. Соңғының бұл жауабына намыстанып, сотталушы А. алдын ала өзімен дайындап келген туристік пышағымен жәбірленушіге соққылар жасап жатқан кезінде, оқиға орнына келген адамды байқап, өзінің іс-әрекетін тоқтатып, 5-6 метр жерге дейін қашып кеткен.
Алайда оқиға орнына қайтып келіп, алған ауыр дене жарақаттарынан жерге құлап қиналып жатқан жәбірленушінің денесіне куәнің көзінше қайтадан көп соққы жасаған. Сонымен сотталушы А. жәбірленушіге жалпы 35 рет соққы жасап, оған аса қатыгездікпен қаза келтірген.
Сот үкімі
Сотталушының кінәсі оның алғашқы мойындап берген жауаптарымен, куәлердің жауаптарымен, айғақ заттармен, сот сараптамаларының қорытындыларымен дәлелденеді. Прокурор сотталушыға түпкілікті өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Жәбірленуші прокурордың ұстанымымен келісті.
Сотталушы өзінің іс-әрекетін ҚК-нің 99-бабы 1-бөлігіне қайта саралап, ең төменгі жаза тағайындауды, ал ҚК-нің 125-1-бабының 1-бөлігімен және 115-1-бабымен ақтауды сұрады. Сотталушының қылмыстық жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар анықталмады.
Сот А.-ны ҚК-нің 99-бабының 2-бөлігінің 5) тармағымен, 125-1-бабының 1-бөлігімен және 115-1-бабымен кінәлі деп танып, оған қылмыстар жиынтығымен түпкілікті өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындады. Жәбірленушінің талап арызы ішінара қанағаттандырылып, сотталушыдан жәбірленушінің пайдасына моральдық зиян ретінде 25 млн және адвокаттың қызметі үшін 5 млн теңге өндірді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
