Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Шымкент қалалық полиция департаментінің жаңа басшысы Мұхтар Қожаевты таныстырды. Бұған дейінгі басшы Нұрлан Алмасбеков қоғамды дүр сілкіндірген Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты істен соң қызметінен босатылған еді, деп хабарлайды Qazaqyia ақпарат агенттігі.

Полиция генерал-майоры Мұхтар Қожаев бұған дейін ІІМ Тергеу департаментін басқарған. Ол өз еңбек жолын қатардағы тергеушіден бастап, орталық аппараттағы департамент басшысы лауазымына дейін көтерілген. Министр оның басқарушылық және тергеу саласында тәжірибесі мол екенін атап өтті.

Еске салсақ, департаменттің бұрынғы бастығы Нұрлан Алмасбеков 20 қаңтарда президенттің тапсырмасынан кейін қызметінен босатылған. Мемлекет басшысы Нұрай Серікбайдың қазасына байланысты полицияның әрекетіне тиісті баға беруді тапсырған болатын.

Тергеу барысында күдіктінің қылмыс жасамас бұрын марқұм қызды қорқытып, үнемі аңдығаны белгілі болды. Нұрай Серікбайдың ата-анасы бұған дейін полицияға бірнеше рет арызданғанымен, бұл фактілер бойынша қылмыстық іс қозғалмаған.

Фото: gov.kz