Алматы облысы Талғар ауданы Нұра ауылының мыңнан астам оқушысы әлі күнге дейін жаңа мектепке қол жеткізе алмай келеді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Төрт жыл бойы уәде
Төрт жыл бойы оқушылар әкімдік, мәдениет үйі мен дүкен ғимараттарында білім алып келген. Алғашқы жылы бастауыш сынып оқушылары Тоғанбай ауылындағы мектепке қатынап оқыған. Алайда екі мұғалім жол апатына ұшырағаннан кейін ата-аналар қарсы болып, балаларын ол мектепке жібермеген.
Содан кейін бір кәсіпкердің дүкенін алып, соны мектеп ретінде пайдалануға берді. Тұрғындардың айтуынша, төрт жыл бойы мектеп мәселесін айтып, шағымданбаған жеріміз жоқ. Жыл сайын "жаңа мектеп ашылады" деп уәде береді, бірақ ашылмайды.
"Алғашқы қоңырауға жібермейміз"
Биылғы алғашқы қоңырау жаңа мектепте соғылады дегенге нұралықтар сенбей отыр. Олардың сөзінше, балаларға өте қиын болған: бірде ана мектепте, бірде мына мектепте оқиды, суық тигізіп келеді. Білім сапасы төмендеді, сабақтары нашарлады.
"Егер ашылмаса, балаларымызды алғашқы қоңырауға жібермейміз. Мектеп ашып берсін", – дейді нұралықтар.
Олардың айтуынша, төрт жыл бойы жөнделіп бітпеген мектептің жұмысы әлі де көп. Sputnik Қазақстан тілшісі көптен күткен жаңа мектептің қазіргі жағдайын көріп қайтты.
