Нидерландта жаңа ережелер күшіне енгеннен кейін 12 жасқа дейінгі балаға алғаш рет эвтаназия жасалды. Бұл туралы Dutch News басылымына сілтеме жасап Qazaqyia.kz порталы хабарлайды.
Ұлттық телерадиокомпания NOS мәліметінше, процедура өткен жылдың соңында ауыр науқас балаға жасалған. Оның жасы, диагнозы және басқа мәліметтер жарияланбады.
Денсаулық сақтау министрі Софи Херманстың айтуынша, арнайы комиссия оқиғаның мән-жайын зерттеп, процедураны ұйымдастырған дәрігермен сұхбат жүргізіп, қорытындысын қадағалау органына жіберген.
Жаңа ережелер Нидерландта 2024 жылдан бастап күшіне енді. Енді эвтаназияға бір жастан 12 жасқа дейінгі балаларға, егер олар емделмейтін дертке шалдыққан болса және «сауығуға үмітсіз шыдамсыз азап» шексе, рұқсат етіледі.
Бұған дейін мұндай мүмкіндік тек бір жасқа дейінгі нәрестелер мен 12 жастан асқан жасөспірімдерге ғана қолжетімді болған.
Заңнамаға сәйкес, процедураны жүргізу туралы шешімді ата-аналар мен емдеуші дәрігерлер қабылдайды. Сонымен қатар, паллиативтік көмек көрсетілген жағдайда да жағдайдың жақсару перспективасы болмауы керек.
Нидерланд эвтаназияны медициналық процедура ретінде заңдастырған әлемдегі алғашқы ел болды. Тиісті заң 2002 жылы күшіне енген.
Биліктің бағалауынша, бір жастан 12 жасқа дейінгі балаларға эвтаназия қолдану жағдайлары сирек болады және жылына бес жағдайдан аспайды.
