Нидерландтың Овераселт ауылында таңғы сағат 4 шамасында болған атыс салдарынан бір адам қаза тауып, 34 адам қамауға алынды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы The Guardian басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Полиция Овераселт тұрғындарын үйде қалып, есік-терезелерді жабуға шақырды, себебі қосымша күдіктілердің қашып кетуі мүмкін деген қауіп болды.
Сейсенбі күні таңғы сағат 4 шамасында бір топ маска киген қарулы адамдар Овераселттегі бір үйге жақындап, оқ атылған. Салдарынан 51 жастағы ер адам, болжам бойынша күзетші, қаза тапты.
Оқиға орнына келген полиция қызметкерлеріне оқ атылып, екі офицер жеңіл жарақат алды, деп хабарлады полиция өкілі Жоланда Алберс. Сондай-ақ бірнеше қару, ақпарат сақтау құрылғылары мен көліктер тәркіленді.
Жергілікті БАҚ мәліметінше, атыс голландиялық есірткі бароны Йос Лейдеккерспен, яғни Болле Йос (семіз Йос) деген атпен белгілі, байланысты болуы мүмкін. Лейдеккерс Нидерландтың ең іздеулі қылмыскерлерінің бірі және халықаралық кокаин контрабандасына қатысқаны үшін сотталған.
Ол кемінде үш жылдан бері Сьерра-Леонеде тұрады және ел президенті Джулиус Маада Бионың қызымен қарым-қатынаста екені хабарланады.
Het Parool газетінің жазуынша, атыс Лейдеккерстің бандасы тасымалдаған бірнеше жүз килограмм кокаинге байланысты жанжалдан туындаған.
Прокурордың орынбасары Моник Винкестейн өткен жылы осы үйде «ұзаққа созылған жанжалға» байланысты атыс болғанын айтты, бірақ егжей-тегжейін ашпады.
«Қазіргі уақытта қамаудағылар халықаралық құрамда екенін білеміз. Олардың арасында француз, бельгиялық, алжирлік азаматтар, сондай-ақ Нидерланд азаматтары да бар», — деді Винкестейн.
Прокурордың айтуынша, күдіктілерге кісі өлтіру, абайсызда кісі өлтіру және кісі ұрлауға дайындық сияқты әртүрлі айыптар тағылуы мүмкін, қосымша тұтқындаулар болуы ықтимал.
Жергілікті әкім Жори Минсес қауымдастықтың зорлық-зомбылық оқиғасынан шошынғанын айтты.
«Овераселтте болған оқиға барлық шектен шықты. Бұл голландиялықтарға тән емес... Овераселт мүлдем қабылданбайтын зорлық-зомбылықтың бір түрінен шошыды», — деді ол.
