Непалдағы жойқын су тасқынынан қаза тапқандар саны 1 287 адамға жетті. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы The Kathmandu Post басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Ұлттық төтенше жағдайларды азайту және басқару басқармасының мәліметінше, сегіз ауданнан мәйіттер мен сүйек қалдықтары табылған.

Қазіргі уақытта 96 қаза тапқан адамның жеке басы анықталып, денелері туыстарына тапсырылды. Жарақат алған 5,3 мыңнан астам адамға медициналық көмек көрсетілді.

Ресми деректер бойынша, хабарсыз кеткендер тізімінде 5 083 адам қалып отыр. Билік бұл көрсеткішке анықталмаған мәйіттер де кіретінін, сондықтан ол шынымен хабарсыз кеткендердің нақты санын көрсетпейтінін түсіндірді.

Сонымен қатар, ресми тізімде 583 шетел азаматы бар.

Құтқарушылар 13 013 адамды қауіпсіз аймақтарға эвакуациялады. Операцияға армия, полиция және Непалдың қарулы күштері жұмылдырылған. Барлығы құтқару және қалпына келтіру жұмыстарына 21 мыңнан астам құқық қорғау қызметкері тартылды.

Су тасқыны елдің инфрақұрылымына ауыр зиян келтірді. Алдын ала бағалау бойынша, 7 570 жеке үй қираған, 48 мемлекеттік ғимарат, 18 мектеп және жеті медициналық мекеме зақымданған немесе жойылған.

Шамамен 55 шақырым жол, 33 автомобиль және 68 аспалы көпір толығымен қираған.

Құтқарушылар зардап шеккен аймақтарға құрлық және әуе жолдары арқылы гуманитарлық көмек жеткізуді жалғастыруда. Байланыс біртіндеп қалпына келтірілуде: зақымданған 120 мұнараның 116-сы Nepal Telecom-та жұмыс істеп тұр, Ncell-де 78-ден 75-і қалпына келтірілді.

Билік зардап шеккен аймақтарға құтқару және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу үшін төтенше қаржы бөлді.

Табиғи апат 26 тамызда Гималайдағы мұздықтың құлауынан басталды. Тас, мұз, лай және қоқыстың алып ағыны таулы өзен жүйелерімен өтті.

Билік Непалға су тасқынынан кейінгі қалпына келтіруге $5 млрд-қа дейін қажет болатынын есептеді.

Бұған дейін «Курсив» Непал мен Қытай шекарасындағы апат аймағында үш Қазақстан азаматшасын іздеу туралы жазған болатын.