Сыртқы істер министрлігі Непал мен Тибеттегі табиғи апат аймағында қалған Қазақстан азаматтарының жағдайын бақылауда ұстап отырғанын хабарлады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Непал тарапының мәліметінше, Непал аумағындағы іздеу-құтқару операциясы 5 қазанда ресми түрде аяқталды.

Қазіргі уақытта зардап шеккен аудандарда қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде, осы жұмыстар барысында табылған мәйіттер мен жеке заттардың тиістілігі анықталып жатыр. Сонымен қатар ҚХР Тибет автономиялық ауданында ең көп зардап шеккен Гьиронг уезінде іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Қытай тарапы сонымен қатар мәйіттерді анықтау және генетикалық сараптама бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр.

Бұған дейін Қазақстаннан келген үш турист хабар-ошарсыз кеткен деп есептелген болатын. Непалда болуы мүмкін деп саналған және хабарсыз кеткендер тізімінде тұрған олардың біреуімен байланыс орнатылды. Оның табиғи апат аймағына сапардан бас тартқаны анықталды. Қазіргі уақытта ол Қазақстанда.

Қалған екі отандасымыздың тұрған жері әзірге анықталмаған.

"Олардың туыстары анықтауға қажетті рәсімдерден өтті, оның ішінде Непал мен ҚХР-дың құзыретті органдары белгілеген тәртіпке сәйкес, ДНҚ-ны талдау үшін биологиялық материал тапсырды", - деп хабарлады министрлікте.

Қазақстандық дипломаттар хабарсыз кеткендердің отбасыларымен байланыста бола отырып, оларға қажет қолдауды көрсетіп жатыр, дейді ведомствода.