Әлеуметтік желіде некені ұзарту қажеттігі туралы алаяқтық сипаттағы жалған хабарлама тарап жатыр. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәлидің айтуынша, Қазақстанның неке-отбасы заңнамасына сәйкес, неке бір рет тіркеледі және оның белгіленген қолданылу мерзімі жоқ. Сондықтан некені қайта тіркеу немесе оның мерзімін ұзарту қажет емес.
«Неке ерлі-зайыптылардың біреуінің немесе екеуінің өтініші бойынша бұзылуы мүмкін. Сондай-ақ заңда көзделген басқа жағдайларда да неке тоқтатылады. Неке тек тіркеуші орган арқылы немесе сот тәртібімен бұзылады», - деп түсіндірді Талғат Уәли.
Осыған байланысты Әділет министрлігі азаматтарды мұндай хабарламаларға сенбеуге, олардағы сілтемелерге өтпеуге және жеке деректерін бөгде адамдарға бермеуге шақырды.
