NCOC компаниясынан мемлекет пайдасына қаражат өндіріп алу жұмыстары жалғасып жатыр. Жекелеген БАҚ-та NCOC компаниясынан мемлекет пайдасына ақшалай қаражат өндіріп алу жөніндегі атқарушылық іс жүргізудің тоқтатыла тұрғаны туралы ақпарат тарады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Әділет министрлігі бұл ақпаратқа қатысты түсініктеме берді. Министрліктегілердің айтуынша, қазіргі уақытта NCOC компаниясы мемлекеттік сот орындаушысының әрекеттеріне шағымдануына байланысты Атырау облысының соты атқарушылық іс жүргізу материалдарын сұратқан.
Заңға сәйкес, сот атқарушылық іс жүргізуді талап еткен жағдайда, атқарушылық іс жүргізу оны сот қайтарғанға дейін тоқтатыла тұрады. Осылайша NCOC компаниясынан мемлекет пайдасына қаражат өндіріп алу бойынша жұмыс заңда белгіленген тәртіппен жалғасады.
Айта кетейік, экологиялық айыппұл күкіртті сақтау талаптарын бұзғаны үшін салынған және оны 20 шілдеге дейін ерікті түрде төлеу қажет болған. Айыппұлдың заңдылығын Қазақстан соттары растады.
NCOC — құрамына "ҚазМұнайГаз", америкалық Exxon Mobil, сондай-ақ батыстық Eni, Shell және TotalEnergies сияқты ірі мұнай-газ компаниялары кіретін консорциум.
