Абай облысында Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы кеңінен тойлануда. Семейде өткен мерекелік шарада облыс әкімі Берік Уәли өңірде ауқымды құрылыс жұмыстары басталатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Qazaqyia.KZ ақпарат агенттігі.
Мемлекет басшысы бекіткен «Наурызнама» тұжырымдамасына сәйкес, мерекелік шаралар ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға бағытталған онкүндік форматында өтіп жатыр. Бұл күндері өңірде мәдени, қайырымдылық және ағартушылық іс-шаралар ұйымдастырылып, ұлттық салт-дәстүрлер жаңғыртылуда.
Облыс орталығы – Семей қаласында Наурызды мерекелеу орталық алаңдағы театрландырылған қойылымнан басталды. Облыс әкімі Берік Уәли өңір тұрғындарын мерекемен құттықтады.
««Сіздерді Ұлыстың ұлы күні – жаңа жылдың бастауы Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын! Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістандағы құттықтауында атап өткендей, Наурыз – тазару мен жаңару мезгілі. Тазалық, ең алдымен, ойдың, сананың, ниеттің тазалығы. Бұл мейрам – жаңарудың, татулықтың, халық бірлігін нығайтудың және игі істерге ұмтылудың символы», — деді өңір басшысы.»
—
Сондай-ақ әкім биыл Наурыз мейрамы «Семейдің мәдени маусымдары» жаңа жобасы аясында өтіп жатқанын және «Семей көктемі» шараларының маңызды оқиғасы екенін атап өтті. Ол өңірде жүзеге асырылатын алдағы ауқымды жобалар туралы айтты.
««Биыл өңіріміз үлкен құрылыс алаңына айналады. Мемлекет басшысының бастамасымен «Абайға құрмет» акциясы басталды, Үкіметтің тиісті қаулысы да қабылданды. Өткен жылы біз үлкен дайындық жұмыстарын жүргіздік – өңірлермен, ұлттық компаниялармен және басқа да ұйымдармен жобаларды келістік. Жақын арада құрылыс жұмыстарына кірісеміз», — деді Берік Уәли.»
—
Семейдегі негізгі мерекелік іс-шаралар 12 киіз үй тігілген орталық алаңда өтті. Олардың әрқайсысына Абай, Шәкәрім, Әнет баба сияқты тарихи тұлғалардың, сондай-ақ Біржан мен Сара айтысының 155 жылдығы, Әлихан Бөкейхан, Ыбырай Алтынсарин, Исатай Тайманов, Қажымұқан Мұңайтпасов, Қайым Мұхамедханов, Жамбыл Жабаев, Дина Нұрпейісова және Ермек Серкебаевтың мерейтойларына орай атаулар берілді.
Барлық киіз үйде қазақ халқының салт-дәстүрлері көрсетіліп, халық қолөнерінің көрмелері ұйымдастырылды. Арбат аумағында жастарға арналған шеберлік сабақтары, викториналар, квесттер мен шығармашылық байқаулар, сондай-ақ заманауи технологиялар таныстырылған IT және жасанды интеллект аймағы жұмыс істеді. Ұлттық спорт түрлері алаңында қазақ күресі, арқан тарту, аударыспақ сияқты спорт түрлерінен жарыстар өтті.
Күндіз орталық алаңда әншілер Тоқтар мен Бейбіттің, AGUGAI тобының және «Жігіттер» тобының қатысуымен мерекелік концерт болды. Кешкі бағдарламада Диана Исмайл, Alem және Баян Сұлу өнер көрсетеді.
Мерекелік шаралар қаланың басқа да аудандарында жалғасуда. Атап айтқанда, Мұхтар Әуезов алаңында, теміржол вокзалының маңында, Қарағайлы шағын ауданында, «Асима» сауда үйі мен тері-былғары зауытының аумағында киіз үйлер тігілді. Жалпы қалада 18 киіз үй құрылып, тұрғындар үшін түрлі мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды.
