НАТО PURL схемасы бойынша Украинаға америкалық қару-жарақ жеткізуді іске қоса алмады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

РИА Новости АҚШ Конгресіне ұсынылған есепке сілтеме жасап, альянсқа мүше 21 ел наурыз айының соңындағы жағдай бойынша бағдарламаға 4,15 миллиард доллар бөлгенін, алайда АҚШ қаржылық міндеттемелер алмағанын жазды. Қаражат қазынашылыққа түскенімен, қару-жарақ жеткізуге арналған келісімшарт түрінде орындалмаған.

Сонымен қатар, Вашингтон Пентагон қоймаларынан Киевке қару-жарақ жеткізуге мүмкіндік беретін 4,96 миллиард долларлық квотасын пайдаланбаған. Құжатқа сәйкес, АҚШ билігі бұл қаражатты өздерінің жауынгерлік дайындығын қамтамасыз ету үшін толық жұмсамауға шешім қабылдаған.

Сайып келгенде, АҚШ өзінің қолда бар қорларын пайдаланып жеткізуді жеделдете алмады. PURL қолдау механизмі өткен жазда іске қосылған болатын. Бұған Дональд Трамптың Украина Қарулы күштеріне тегін қару-жарақ жеткізуді жалғастырудан бас тартуы себеп болды.

Енді АҚШ қару-жарақты НАТО елдеріне сатады, ал олар өз кезегінде оларды Украинаға жібереді. Украина өзінің маңызды қажеттіліктерін анықтап, көмек пакеттерін Солтүстік Атлантикалық альянспен үйлестіруі керек.