Үндістанның қаржы астанасы Мумбай қаласының тығыз қоныстанған ауданындағы көшкін салдарынан кемінде алты адам қаза тауып, төрт адам жарақат алды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Associated Press басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Жергілікті әкімшілік өкілі Танай Камблидің айтуынша, таңғы уақытта Мумбай қаласының Гаткопар қалашығындағы үйлердің тығыз орналасқан тобына тау беткейінің бір бөлігі опырылып, екі-үш үйді басып қалған.

Құтқару операциясына өрт сөндірушілер, полиция, Ұлттық апаттарға қарсы әрекет ету күші және әкімшілік қызметкерлері дереу кірісті. Алайда тар өткелдер ауыр техниканы қолдануға мүмкіндік бермегендіктен, жұмыс қиындаған.

Құтқарушылар қираған үйінділердің астынан кемінде 10 адамды алып шығып, оларды мемлекеттік ауруханаға жеткізді. Олардың алтауы, оның ішінде екі бала мен екі жасөспірім, ауруханаға жеткенше қайтыс болған. Тағы төрт адам жарақат алды.