«Ақтөбе мұнай жабдықтары зауытының» (АМЖЗ) жалғыз басқарма мүшесі 2025 жылы оның түпкі иесі Айдар Аманжолов болды. Осы қызметте бір жыл ішінде кәсіпкер өзіне 99,2 млн теңге (айына шамамен 8,3 млн теңге) төледі. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Қаржылық есептілік депозитарийінің деректеріне сүйенсек, бизнесмен өз кәсіпорнының басшысы ретінде алдыңғы басшысынан екі есе аз жалақы ала бастаған.

2024 жылы зауыттың басқармасын жалғыз өзі Гасал Мусин басқарды. Ол, айтпақшы, Forbes нұсқасы бойынша Қазақстанның ең қымбат 20 топ-менеджерінің рейтингіне енді. Сол кезде компания оған жылына 211,3 млн теңге төледі (дәл осы сомамен ол Forbes рейтингіне ілікті), яғни айына шамамен 17,6 млн теңге. 2025 жылдың 15 қаңтарында Мусиннің орнына келген Аманжолов іс жүзінде топ-менеджменттің жалақысын екі есеге, яғни айына 9,3 млн теңгеге қысқартты.

Басшылыққа кететін шығындардың азаюы кәсіпорынның қаржылық нәтижелерінің айтарлықтай өсуімен тұспа-тұс келді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша зауыттың таза пайдасы 63,6%-ға – 1,1 млрд теңгеден 1,8 млрд теңгеге дейін өсті.

Айдар Аманжолов АМЖЗ-ны Kazmetalinvest фирмасы арқылы бақылайды. 2024 жылдың қазанына дейін зауыттың түпкі иелері Forbes тізіміне енген Дінмұхамет Идрисов пен оның жұбайы Магда Идрисова болған.

Идрисов 2026 жылдың мамырындағы Қазақстанның ең бай 75 кәсіпкері рейтингінде $605 млн капиталымен 17-орында тұр. Оған «Қазақстандық коммуналдық жүйелер», «Ай Қарауыл», AltynEx Company, Kundybai Mining, «Белогорское» және «Керегетас» компанияларындағы үлестер, сондай-ақ Ordabasy Group тиесілі.

Бұған дейін «Курсив» АМЖЗ-ның жаңа негізгі иесі Айдар Аманжолов Гасал Мусинді бас директор қызметінен ауыстырғанын жазған болатын.