Қазақстан бензин мен мұнай өнімдерін сыртқа шығаруға салынған тыйымды тағы алты айға ұзартты. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Бұл туралы Энергетика министрінің "Қазақстан Республикасының аумағынан мұнай өнімдерін шығарудың кейбір мәселелері туралы" бұйрығында айтылған. Тыйым алты ай мерзімге, яғни 2026 жылғы 22 қарашадан 2027 жылғы 22 мамырға дейін енгізіледі.

Ол ЕАЭО елдеріне тауар экспорттауға да қатысты.

Нақты қандай өнімдерге тыйым салынады?

Автомобиль көлігімен мына өнімдерді шығаруға тыйым салынады:

  • 01бензин;
  • 02дизель отыны;
  • 03мұнай өнімдерінің жекелеген түрлері.

Тыйым қолданылмайтын жағдайлар

Тыйым мына жағдайларда қолданылмайды:

  • 01майлау материалдарын шығару;
  • 02автомобиль өндірушісі зауытта қарастырған жанармай бактарындағы отынды тәулігіне бір реттен асырмай алып шығу;
  • 03Қазақстан үкіметінің шешімімен гуманитарлық көмек көрсету аясында мұнай өнімдерін шығару;
  • 04қоспаларды іріктеу бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, үлгілерді өнеркәсіптік өндіріске енгізу үшін сынау, авиаотын (реактивті қозғалтқыштарға арналған отын) өндіру технологиясын бекіту немесе қайта бекіту мақсатында авиаотынды шығару.

Соңғы жағдайға қатысты бірқатар талап бар. Атап айтқанда, бұл үшін өндіріс саласындағы мемлекеттік органның келісімі және осындай жұмыстарды жүргізуге өкілетті ұйыммен жасалған шарт болуы қажет. Сонымен қатар құжаттар топтамасында қажетті үлгілердің (сынамалардың) саны мен көлемі көрсетілген хат та болуға тиіс.

Теміржол көлігімен шығаруға тыйым

Теміржол көлігімен мұнай өнімдерін шығаруға тыйым салынады. Бұған мына жағдайлар кірмейді:

  • 01"Мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін өндіру мен олардың айналымын мемлекеттік реттеу туралы" заңның 18-бабының 7-тармағына сәйкес бекітілген жеткізу жоспарлары бойынша бензин шығару;
  • 02үкіметтің шешімімен гуманитарлық көмек көрсету аясында мұнай өнімдерін шығару.

Бұдан бөлек, Қазақстаннан ЕАЭО-ның кедендік аумағынан тыс жерлерге жеңіл дистилляттарды, авиациялық керосинді және дизель отынын, газойльдерді, толуолды, ксилолды және мұнай битумын шығаруға да тыйым салынады. Бұл шектеу 2027 жылғы 1 қаңтардан басталып, 2027 жылғы 30 маусымға дейін жалғасады.

Құжат 16 қарашадан бастап қолданысқа енгізіледі.