ОПЕК+ елдері мамыр айында мұнай өндіру квотасын арттыруға келісті, бұл Қазақстанға өндіріс көлемін ұлғайтуға жол ашуы мүмкін, деп хабарлайды Qazaqyia.KZ ақпарат агенттігі.
Мұнай картеліне мүше елдер мамырда өндірісті тәулігіне 206 мың баррельге көбейтуге дайын. Мұндай шешім Мәскеуде өтетін кездесу қорытындысы бойынша қабылданады деп жоспарланып отыр. Квотаның артуы жалпы жеткізілім көлеміне айтарлықтай әсер етпегенімен, бұл ОПЕК+ ұйымының Ормуз бұғазы ашылғаннан кейін өндірісті одан әрі арттыра алатынын білдіреді.
Reuters агенттігінің жазуынша, инфрақұрылымның зақымдануына байланысты ОПЕК+ елдерінің бәрі бірдей өндірісті арттыра алмайды. Бұл бірінші кезекте Парсы шығанағы елдеріне қатысты. Дегенмен, өткен жылдың соңында КҚК терминалына жасалған дрон шабуылынан экспорттық мүмкіндіктері шектелген Қазақстанға да қатысы болуы ықтимал.
Екінші жағынан, басқа мемлекеттер шабуылдардың салдарын жойып жатқанда, Қазақстанда мұнай нарығындағы өз орнын нығайтуға мүмкіндік туып отыр.
«Парсы шығанағы елдерінің бірнеше ресми тұлғасы соғыс тоқтап, Ормуз бұғазы ашылған күннің өзінде қалыпты жұмысқа оралып, өндірістің жоспарлы көрсеткіштеріне жету үшін бірнеше ай қажет болатынын мәлімдеді.»
—
