Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев педагог мәртебесіне қатысты өзгерістерге арналған заңға қол қойды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Заң педагог мәртебесін барынша қорғауды көздейді. Ал өзгерістер мұғалімді артық жүктемеден босатып, кәсіби еркіндігін қамтамасыз етеді.

Негізгі түзетулер

  • 01Педагогтердің білім алушылар алдындағы жауапкершілігін тек оқу процесі барысында айқындау;
  • 02Қағаз және электронды формат қатар жүретін "цифрлы бюрократияға" тыйым салу;
  • 03Баланың өмірі, денсаулығы мен қауіпсіздігі үшін ата-аналардың жауапкершілігін де кеңейту.

Осыған байланысты заңда білім мен тәрбие тек мектептің емес, отбасы мен мемлекеттің ортақ міндеті ретінде нақты айқындалған.

Талантты мамандарды қолдау

Талантты мамандарды қолдау шаралары да қарастырылған. Атап айтқанда, халықаралық кәсіби шеберлік конкурстарының жеңімпаздары жоғары оқу орындарына конкурстан тыс грантпен түсе алады.

Оқуға қабылдау талаптары

Сондай-ақ педагогикалық және медициналық мамандықтар бойынша студенттерді қабылдау мен ауыстыру талаптары қатаңдатылып отыр.

Ұялы құрылғыларды пайдалану

Білім беру ұйымдарында ұялы құрылғыларды пайдаланудың бірыңғай қағидалары бекітілді. Бұл оқушылардың назарын білімге аударуға және кибербуллингтің алдын алуға септігін тигізеді. Айта кетері, қазір әр мектеп әкімшілігі оқушылардың смартфонды қолдану тәртібін өз бетінше белгілейді. Заң бойынша тек сабақ кезінде тыйым салынады, ал үзіліс кезінде оқушылар телефон пайдалана алады. Егер телефон оқу процесі үшін қажет болса, мұғалімнің шешімімен қолдануға рұқсат бар.