Қазақстанда мүгедектігі бар жандарға арналған оңалту құралдарын, соның ішінде арбалар мен протездерді беру тәртібі өзгереді. Енді олар қайтарымсыз емес, жалға берілетін болады, деп хабарлайды Qazaqyia.KZ ақпарат агенттігі.
Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев үкімет отырысында мәлімдеді.
««Қазіргі жүйе бойынша құралдар қайтарымсыз негізде беріледі. Бұл олардың нақты жағдайын, тозуын және жөндеу мүмкіндігін толық ескермейді. Осыған байланысты біз құралдарды жалға беру және қайтарып алу тетігін енгізіп жатырмыз», – деді Ертаев.»
—
Министрдің айтуынша, қайтарылған техникалық құралдарға сараптама жасалады. Нәтижесінде оны жөндеу, ауыстыру, қайта пайдалану, прокатқа беру немесе есептен шығару туралы шешім қабылданады.
Егер құралда ақау табылса, ол жөндеуге жіберіліп, кейін қайтадан басқа адамға беріледі. Ал жарамсыз деп танылса, есептен шығарылып, өтініш берушіге жаңасы тағайындалады.
««Қайтарым моделі қамту мерзімін қысқартып, оңалту құралдарының жергілікті жерлерде қолжетімділігін арттырады», – деп түсіндірді ведомство басшысы.»
—
Жаңа жоба маусым айынан бастап Ақтөбе, Қарағанды және Павлодар облыстарында сынақтан өткізіледі. Ал екінші жартыжылдықтан бастап оны бүкіл елге тарату көзделген.
