Құрылыс нысандары пайдалануға берілмес бұрын қолжетімділік талаптары тексеріліп жатыр. 1 қазандағы мәлімет бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне пайдалануға берілетін құрылыс нысандарының мүгедектігі бар адамдар мен жүріп-тұруы қиын азаматтарға қолжетімділігін растау үшін 562 өтініш түскен. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
259 өтінішке келісім берілмеген
Министрліктің мәліметінше, өтініштердің 147-сі бойынша сәйкестік декларациясы келісілген. Ал 259 өтінішке, яғни 46%-іне келісім берілмеген. Қалған өтініштер әлі қаралып жатыр.
Келісім неге берілмеді
Басты себептерінің бірі — нысандар құрылыс нормалары мен ережелерінде белгіленген қолжетімділік талаптарына сәйкес емес. Министрлік мәлімдегендей, кейбір пандустарда тұтқалар жоқ немесе олар дұрыс орнатылмаған. Сондай-ақ ғимараттардың есіктері тар. Мұндай кемшіліктер азаматтардың ғимаратқа қауіпсіз кіріп-шығуына және ішінде еркін қозғалуына кедергі келтіреді.
Нысандарды тексеру 1 шілдеден бастап күшіне енді
Сонымен қатар өтініштердің бір бөлігі декларацияны қолжетімділік талаптары бойынша келісу міндетті емес нысандарға да қатысты түскен. Ведомствоның хабарламасында: «Биыл 1 шілдеден бастап құрылыс нысандарының мүгедектігі бар адамдар мен жүріп-тұруы қиын азаматтарға қолжетімділігін зерделейді. Сондай-ақ нысанның талаптарға сәйкестігі туралы декларацияларды келіседі», — делінген.
Құрылысшыларға қойылған талап қандай
Нысанның қолжетімділігін тексергенде пандус пен тұтқаның бар-жоғына ғана емес, адамның ғимаратқа қауіпсіз кіріп, ішінде еркін қозғалуына және қажетті қызметтерді пайдалана алуына да мән беріледі. Атап айтқанда, кіреберіс пен жүріп-тұру жолдарының қолжетімділігі, пандустардың, тұтқалар мен есік ойықтарының белгіленген талаптарға сай болуы, сондай-ақ санитарлық бөлмелердің қолжетімділігі де ескеріледі.
Бұдан бөлек, ғимаратта қажетті ақпараттық белгілер мен көру, сипап сезу арқылы бағыт-бағдар алуға көмектесетін құралдардың бар-жоғына назар аударылады. Арба қолданатын, көру және есту қабілеті бұзылған адамдардың қажеттіліктері де ескеріледі.
