Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) тойдағы даулы уағызға қатысты ресми мәлімдеме жасады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Мүфтияттың хабарлауынша, ислам діні даналықпен насихат айтуға, өзгелерді ауыр сөзбен айыптамауға, біреудің ар-намысына құрметпен қарауға үндейді. «Сондықтан қандай да діни мәселеге қатысты өнер өкілдерін жалпылама айыптау немесе оларға ауыр сипаттама беру дұрыс емес. Сонымен қатар аналарымызды, қыз-келіншектерді бейәдеп сөзбен кемсіту де өрескел қателік деп санаймыз», - делінген мәлімдемеде.

ҚМДБ адамды арсыздыққа, азғындыққа және шариғат тыйым салған істерге үндейтін әндерді дініміз құптамайтынын атап өтті. «Алайда дініміз бен дәстүріміздің асыл құндылықтарын дәріптейтін, Отанды қорғауға, ата-ананы қадірлеуге үндейтін, адамгершілік пен ізгілікке шақыратын әндерге рұқсат берілетіні жайында Ислам ғалымдарының пікірі бар», - дейді мүфтияттағылар.

Бұған дейін желіде ер адамның тойда «еркектер мен ұрғашылардың бірге отыруы» дұрыс еместігін, сондай-ақ «әншілерді шайтанның азаншысы» деп тілектің орнына уағыз айтқан видеосы тараған еді. Бұл жағдай қазақстандықтар арасында қызу талқыға түсті.