Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (мүфтият) марқұмдарды жасанды интеллект арқылы «тірілтуге» қатысты ресми пікір білдірді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Қазіргі таңда жасанды интеллект суреттерді өзгертуге, адамның бейнесін қозғалысқа келтіруге және дауысын имитациялауға мүмкіндік береді. Осы тұрғыда мүфтият марқұмдарды жасанды интеллект арқылы «тірілтуге» қатысты пікір білдірді.

«Ислам фиқһ негіздері қағидасы бойынша «Бір нәрсеге берілетін үкім оны дұрыс түсініп, мәнін анықтауға байланысты» деп белгіленген. Сондықтан қайтыс болған адамдардың суреттерін жасанды интеллект арқылы қозғалысқа келтірудің үкімі оны қолдану мақсаты мен нақты жағдайына қарай әртүрлі болады», – деді басқармада.

Ресми мәлімдемеге сәйкес, егер мұндай «тірілту» оны сағынғанда еске алу, көңіл жұбату немесе адамды жақсы естеліктермен еске алу мақсатында орындалса, онда мұндайда технологияны қолдануға рұқсат етіледі, бұл шариғатқа қайшы емес.

«Егер марқұмның бейнесін жасанды интеллект арқылы жандандыру адамның шынайы өмірден алшақтауына, өткен шаққа байланып қалуына, қайғы-қасіретін қайта күшейтуіне немесе Алланың өлім туралы белгіленген тағдырына қарсылық сезімін тудыруына себеп болса, мұндай әрекетке тыйым салынады. Өйткені бұл адамның өзіне және оның жақындарына рухани әрі психологиялық зиян келтіруі мүмкін», – деп жазылған хабарламада.

Басқармада хабарлағандай, мұндай әрекет арқылы марқұмға айтпаған сөздерді айтқызып немесе жалған ақпарат таратылса, онда бұған қатаң тыйым салынады. Сол секілді, мұндай технологиялық өзгертілген бейнелерді коммерциялық жарнамаларда пайдаланып, өнімді шынайы емес түрде насихаттау үшін қолданылса, бұл адамдарды алдау және олардың мал-мүлкін әділетсіз жолмен иеленуге әкеледі. Бұған да шариғатта тыйым салынған.