Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди БРИКС саммитінде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін реформалау мәселесін бұдан әрі кейінге қалдыруға болмайтынын мәлімдеді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
«БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін реформалауды енді кейінге қалдыруға болмайды. Бұл мәселе бойынша келіссөздер барысында нақты кесте белгілеп, айқын нәтижелерге қол жеткізуге ұмтылу қажет», – деді Моди.
Үндістан үкіметінің басшысы БРИКС саммиті барысында әріптестерін серіктестік рухында жұмыс істеу қажеттігі туралы нақты белгі беруге шақырды.
«Бұл ынтымақтастықтың дұрыс негізін қалыптастыру өте маңызды. Біз серіктестік рухында жұмыс істеуіміз керек», – деді премьер.
Сонымен қатар Моди БРИКС жұмысының сабақтастығын қамтамасыз етуге шақырды.
БРИКС – 2006 жылы Ресей, Қытай, Үндістан және Бразилия құрған мемлекетаралық бірлестік. 2011 жылы оған Оңтүстік Африка Республикасы қосылды, ал 2024 жылдың басынан бері құрамына тағы бірнеше ел енді.
Қазіргі таңда бірлестікке әлемдік жалпы ішкі өнімнің шамамен 40%-ы және жер шарындағы халықтың жартысына жуығы тиесілі.
