Өзбекстанда балаларға қатысты жыныстық зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдату туралы түзетулер дайындалып жатыр. Бұл туралы Telegram арқылы ел президенті Шавкат Мирзиёевтің үлкен қызы әрі оның әкімшілігінің жетекшісі Саида Мирзиёева хабарлады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Оның пікірінше, педофилдерге өлім жазасын тағайындау қажет. Сонымен қатар ол қолданыстағы заңда мұндай жаза қарастырылмағанын атап өтті.
«Біз осындай қылмыстар үшін жауапкершілікті барынша қатаңдату мақсатында заңнамаға өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныстар дайындап жатырмыз», — деп жазды Мирзиёева.
Өзбекстанда өлім жазасы 2008 жылы жойылған. Қазіргі уақытта оған тыйым салу Конституцияда бекітілген.
Бұл мәлімдемеге Наманған облысындағы балабақшада болған қылмыс себеп болды. 22 қыркүйекте сонда 52 жастағы шаруашылық меңгерушісі баланы зорлады деген күдікпен ұсталды. Қызға және оның анасына психологиялық көмек көрсетіліп жатыр. Тәрбиеші мен балабақша басшылары міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жұмыстан шығарылды.
Мирзиёева немқұрайлылық танытып, баланы қорғай алмағандар да жазаға тартылуы керек деп мәлімдеді.
Бұған дейін «Курсив» Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың өлім жазасын енгізуді ұсынғаны туралы жазған болатын.
