Оқу-ағарту министрлігі мектеп оқулықтарын жаңарту жоспарын жариялады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұған дейін жүргізілген тексеру барысында мектеп оқулықтарынан 700-ден астам ескерту мен қате анықталған болатын. Қазіргі уақытта министрлік анықталған кемшіліктерді жою жұмыстарын жүргізіп жатыр. Осыған байланысты оқулықтарды жаңартуға қосымша уақыт қажет болады.
Оқулықтарды жаңарту жоспары: - 2026 жылғы 30 тамызға дейін 3-сыныптарға арналған "Қазақ тілі", "Орыс тілі", "Математика", "Дүниетану", "Әдебиеттік оқу", "Музыка" пәндері бойынша, сондай-ақ 7-сыныпқа арналған "Дүниежүзі тарихы" оқулықтары жаңартылады; - 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін 4 және 9-сыныптарға арналған оқулықтар жаңартылады; - 2027 жылғы 1 сәуірге дейін 8-сынып оқулықтары жаңартылады.
Оқулықтарды мұғалімдер Etandau.gov.kz электронды платформасы арқылы таңдады. Сонымен қатар өңірлерде оқушылар санының артуы мен кітапхана қорын жаңарту қажеттілігі ескеріліп, басқа сыныптарға арналған оқулықтар қосымша сатып алынады.
