Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мектепке хиджаб киіп келуге қатысты ескерту жасады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Министрдің айтуынша, бүгінде министрлік мектеп формасына қатысты нақты талап қойып отыр. Сүлейменова сабаққа көк немесе қара формамен келуге болатынын атап өтті.
Бұған дейін кейбір жеке меншік мектептерде хиджабпен отыруға рұқсат берілген еді. Алайда министр бұл тәжірибенің биыл тоқтатылғанын жеткізді.
«Бізде бірыңғай форма бар. Иә, былтыр ондай мектептер, соның ішінде жеке меншік мектептер болған. Биыл жаңа оқу жылында жоқ», – деді Сүлейменова үкіметтегі брифингте.
Осы орайда министр хиджаб киіп келу жағдайлары тіркелсе, мектеп лицензиясын қайтарып алу сияқты шара қолданылатынын ескертті.
