Каспий құбыр консорциумының (КТК) теңіз терминалы маңында дрон Nordic Zenith танкеріне шабуыл жасағанына қарамастан, Қазақстан мұнайының экспорты штаттық режимде жалғасуда. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға 17 шілдеде болды. Дрон терминалға мұнай тиеу үшін бет алған Nordic Zenith танкеріне шабуыл жасады. Ведомствоның мәліметінше, шабуыл кезінде танкер бос болған.
Туындаған өртті экипаж өз күшімен сөндірді. Зардап шеккендер жоқ.
«Қазақстан мұнайына ешқандай қауіп жоқ. Технологиялық инфрақұрылым штаттық режимде жұмыс істейді. Каспий құбыр консорциумы жүк операцияларын жүргізіп, белгіленген кесте бойынша танкерлерге мұнай құяды», — деп мәлімдеді министрлік.
«Интерфакс» агенттігінің дерегінше, КТК кемелері зардап шеккен танкерден 13 адамды эвакуациялады, тағы тоғыз экипаж мүшесі бортында қалды. Таңертең жоспарланған мұнай тиеу бұзылды — шабуылдан кейін кеме жүк операцияларын жүргізуге жарамсыз болып шықты.
Каспий құбыр консорциумы Қазақстан мұнайын Новороссийск терминалы арқылы Еуропаға жеткізудің негізгі бағыты болып қала береді. КТК жүйесі арқылы құбырлармен экспортталатын қазақстандық мұнайдың шамамен 80% тасымалданады.
Nordic Zenith танкері Suezmax класына жатады, Либерия туымен жүзеді және 10 шілдеде Ыстамбұл портынан шыққан.
Бұл мұндай алғашқы оқиға емес екенін еске саламыз. 8 шілдеде дрондар КТК терминалынан қазақстандық мұнайды тасымалдау үшін пайдаланылған американдық Chevron компаниясының мұнай танкеріне шабуыл жасады.
КТК акционерлері: ресейлік «Транснефть» (24%), «ҚазМұнайГаз» (19%), американдық Chevron (15%), ресейлік «Лукойл» (12,5%), американдық ExxonMobil (7,5%), «Роснефть-Шелл Каспиэн Венчурс Лимитед» (7,5%), ресейлік «МК КТК Компани» (7%) және итальяндық Eni (2%).
