Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы желіде тараған «миллион пәтер тегін беріледі» деген ақпаратқа сенбеуге шақырды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Орталық мамандары миллион пәтерге қатысты жалған ақпараттың жүйелі түрде жарияланатынын анықтады. Ал халықты сендіру үшін жоғары лауазымды тұлғалардың сөйлеген сөздерінен алынған шынайы бейнекадрларды пайдаланады.
«Мұндай ақпараттық араңдатулар маңызды қоғамдық-саяси оқиғалардың қарсаңында және оларды өткізу кезеңінде тұрақты түрде таратылады. Олардың қатарында референдумдар мен сайлау, Үкімет құрамының қалыптасуы, мемлекеттік және атаулы күндер, сондай-ақ аудиторияның жоғары қызығушылығын тудыратын басқа да маңызды шаралар кезінде жүйелі түрде таратылады», — дейді мамандар.
Ондай хабарламалар таратылғанда, ең алдымен, монтаждалған бөлек үзінділерге емес, сөйлеген сөздің толық бейнежазбасы орналасқан бастапқы дереккөзіне жүгінген дұрыс.
Айта кетері, жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы президент жанындағы орталық коммуникациялар қызметіне қарайды.
