Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элиманов президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа елдегі атышулы қаржылық қылмыстар мен бюджет ақшасының жұмсалуы туралы есеп берді, деп хабарлайды Qazaqyia.KZ ақпарат агенттігі.
Жанат Элимановтың айтуынша, тек мал шаруашылығы саласына бөлінген 30 миллиард теңге субсидияны тиімсіз пайдалану қаупі анықталған. Сондай-ақ ғылыми зерттеулерді коммерцияландыруға бағытталған 10 миллиардтан астам теңгенің мақсатсыз жұмсалғаны белгілі болды.
Бұдан бөлек, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қаражатын жымқыру фактілері бойынша 14 сотқа дейінгі тергеу басталған. Ал құрылыс саласында 5,3 миллиард теңгені заңсыз иемденуге қатысты 21 қылмыстық іс қозғалды.
«Агенттік 17 қаржы пирамидасының жолын кесіп, банктер мен байланыс операторларының атын жамылып, фишингтік SMS-хабарлама таратқан топты әшкереледі. Жалпы аудиториясы 25 мыңнан асатын 3,7 мың алаяқтық сайт пен 22 топтық чат бұғатталды.»
—
Сонымен қатар заңсыз ақша айналымында қолданылған дроп-карталарға қатысты 14 іс тергеліп жатыр. Олардың есепшотындағы қаржының жалпы айналымы 13 миллиард теңгеден асқан. «Көлеңкедегі» адамдарға рәсімделген 68 мыңнан астам карта бұғатталды.
Қаржылық пирамидалар мен онлайн-казинодан түскен табысты жылыстатумен айналысқан 3 жасырын криптоайырбастау қызметі тоқтатылды. Заңсыз криптовалюта айырбастауға арналған 483 онлайн сілтеме жойылды.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы агенттіктің жұмысы бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.
