Легендарлы актриса Меруерт Утекешева ғалым әрі саяхатшы Шоқан Уәлиханов туралы «Шоқан» атты көркем-деректі драмада рөл сомдайды. Бұл толықметражды фильм, жақында онлайн-кастинг аяқталды. Жобаның авторы — журналист Майя Бекбаева. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Фильмнің Instagram-дағы ресми парақшасында атап өтілгендей, Утекешева Уәлихановтың әжесі Айғаным Сарғалдаққызының рөліне бекітілген. Бекбаева фильмді «Жетісу» телеарнасы үшін «Дара» президенттік бастамалар қорының қолдауымен түсіреді. Экранға шығу мерзімі әзірге нақтыланбаған.
Тарихшылардың пікірінше, Айғаным Сарғалдаққызы Шоқан Уәлихановтың тұлға ретінде қалыптасуында маңызды рөл атқарған. Дәл ол 12 жасар баланы Омбы кадет корпусына оқуға жіберуді талап еткен.
Фильмдегі басты рөлді актер Ерлан Күлмүрзин сомдайды. Оның еншісінде «Салем, Европа» және «Пацаны» сияқты қазақстандық картиналар бар.
Еске сала кетейік, жақында Меруерт Утекешева «Қыз Жібек» фильміндегі камзолға байланысты жанжалға тап болды: тарихи реквизит продюсер Баян Алағұзоваға өткен еді. Сонда ол Майя Бекбаеваға кеңінен сұхбат беріп, өмір бойы пәтер сатып ала алмағанын, өйткені театрға қызмет ету әрқашан маңыздырақ болғанын мойындады. Осыдан кейін Баян Алағұзова оған Алматыда пәтер сыйлап, өмір бойы қосымша зейнетақы төлеуге уәде берді.
