Германия канцлері Фридрих Мерц Украинаны Еуропалық Одаққа жеделдетілген тәртіппен қабылдауға күш салатынын мәлімдеді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Сондай-ақ ол Украинаға ЕО-ның қауымдасқан мүшесі мәртебесін беру мәселесін қайта талқылауды ұсынды. Бұған дейін Мерц Украина қауымдасқан мүше мәртебесі кезеңінен өтпей, ЕО-ның толыққанды мүшесі бола алмайтынын мәлімдеген еді. Frankfurter Allgemeine Zeitung газеті мамыр айында Мерцтің Украинаға ЕО-ның қауымдасқан мүшесі мәртебесін беруді және Еуропалық Одақ туралы шартта көзделген өзара қорғаныс міндеттемесін оған да қолдануды ұсынғанын хабарлаған болатын.

Сол кезде Украина басшысы Владимир Зеленский Германия канцлерінің бұл ұсынысына наразылық білдірген еді.

«Бүгін біз Украинаның еуропалық перспективаларын да талқыладық. Біраз уақыттан кейін Украинаның қауымдасқан мүшелігі жөніндегі ұсынысым туралы толығырақ сөйлесеміз. Біз Украинаның Еуропалық Одаққа кіруін жеделдеткіміз келеді. Бұл процеске қарқын беруге ұмтылып отырмыз және Брюссельде осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз», – деді Мерц Киевте Зеленскиймен бірге өткен баспасөз мәслихатында.

Оны Phoenix телеарнасында тікелей эфирде көрсетті. Сондай-ақ канцлер қыс мезгілінде Берлинде Франция және Ұлыбританиямен бірге «ниеттестер коалициясының» кездесуін өткізуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Бұған дейін Зеленский ЕО-дан Украинаны 2027 жылы одақ құрамына қабылдауды сұраған болатын.

Сонымен қатар еуропалық көшбасшылар Украина заңнамасының еуропалық стандарттарға сәйкес келмейтінін бірнеше рет атап көрсетіп, Украинаның мүшелігін қарастырудың міндетті шарттарының бірі – ауқымды реформалар жүргізу екенін айтқан. 2022 жылғы маусымда ЕО Украина мен Молдоваға үміткер ел мәртебесін берді.