Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің (ҰҚМК) басшысы Қамшыбек Ташиевті қызметінен босатуына қатысты алғаш рет түсініктеме берді. Ол бұл қадамға мемлекеттегі ықтимал қақтығыстың алдын алу үшін барғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Qazaqyia ақпарат агенттігі.

Садыр Жапаров өзінің конституциялық міндетін орындағанын, себебі мемлекет мүддесі достықтан да, мансаптан да жоғары тұратынын атап өтті.

««Негізгі заңда “Президент – мемлекеттің тұтастығын, елдің және мемлекеттік қызметкерлердің бірлігін сақтайды” деп жазылған. Мен сол міндетімді атқардым. Себебі мемлекет мүддесі мансап пен достықтан биік тұрады», — деді президент.»

Оның айтуынша, саяси бөліну Жоғарғы Кеңестен басталған. Кейбір депутаттар “Президенттің жағы” және “Генералдың жағы” болып екіге бөлініп, басқаларға қысым көрсете бастаған.

««Бәрі Жоғарғы Кеңестен басталды. Кейбір депутаттық топтар басқа депутаттарды шақырып: “Біздің жақта боласың ба, әлде олардың жағында боласың ба?” деп бөле бастады. Олар “Біздің жақ – Генералдың жағы, ал ол жақ – Президенттің жағы” деп әрекет ете бастаған», — деп түсіндірді Жапаров.»

Президент егер шұғыл шара қолданбаса, бұл жағдайдың насырға шауып, ел ішінде үлкен қақтығысқа ұласуы мүмкін екенін ескертті.

««Мен шұғыл шешім қабылдамасам, бұл дау елге тарап, халық екіге бөлінетін еді. Өйткені келіспеген кейбір депутаттарды Генералмен қорқытып: “Біздің жаққа өтпесең, ісің Генералмен болады” деген фактілер анықталды. Сол себепті осындай шешім қабылдауға мәжбүр болдым», — деді ол.»

Садыр Жапаров бұл шешімі арқылы досы Қамшыбек Ташиевті оның айналасындағы адастырушы топтан құтқарып қалдым деп санайды.

««Мен бұл шешім арқылы досымды құтқарып қалдым деп есептеймін. Себебі оның айналасындағы “ақсақалдар мен көксақалдар” досымды адастырып бара жатты. Егер Қамшыбек Ташиевті қызметтен алмасам, бұл іс насырға шауып, қоғамда да, мемлекеттік қызметкерлер арасында да бөлініс туып, арты қақтығысқа ұласуы мүмкін еді», — деді мемлекет басшысы.»

Сонымен қатар ол Ташиев екеуінің “кезекпен билік ету” туралы қауесетті жоққа шығарды. Оның сөзінше, президентті екі адам емес, халық сайлайды.

««Қырғызстан – демократиялық ел. Мемлекетті кім басқаратынын екі-үш адам емес, Қырғызстан халқы шешеді. Ел кімге сенім артса, кімнің беделі жоғары болса, сол президент болып сайланады. Сондықтан “кезек-кезек басқару” деген әңгіме демократиялық принциптерге де, саяси мәдениетке де сыймайды», — деп мәлімдеді Жапаров.»

Президент досымен қарым-қатынасының бұзылмағанын, шешім қабылдар алдында оған өзі хабарласып, жағдайды түсіндіргенін жеткізді.

««Достығымыз сақталады. Қамшыбек Қыдыршаұлын қызметтен аларда оған хабарласып, жағдайды түсіндірдім, содан кейін ғана шешім қабылдадым. Біздің достығымыз қандай да бір қызметке немесе пайдакүнемдікке байланбаған», — деп сөзін қорытындылады ол.»

Фото: Әлеуметтік желіден