Құрылтай депутаттары мемлекеттік наградалар туралы заңға өзгерістер енгізуді көздейтін заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Заң жобасына сәйкес, мемлекеттік наградалар тізіміне екі жаңа атақ енгізіледі:
- 01«Шәмші Қалдаяқов» медалі;
- 02«Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағы.
«Шәмші Қалдаяқов» медалі отандық музыка өнері мен ән шығармашылығын дамытуға елеулі үлес қосқан және ерекше еңбегімен көзге түскен азаматтарға беріледі.
Ал «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағы бейнелеу өнері саласында жоғары кәсіби шеберлік танытып, үздік туындылары арқылы отандық көркем мәдениетті дамытуға елеулі үлес қосқан өнер қайраткерлеріне табысталмақ.
Айта кетері, Құрылтай заң жобасын үш оқылымда қабылдайды.
Бұған дейін мемлекеттік наградалар тізіміне «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы енгізілген болатын. Осы атақты алғандарға 1 000 АЕК (4 325 000 теңге) көлемінде сыйақы беріледі.
Шәмші Қалдаяқов туралы не білеміз
Шәмші Қалдаяқов — еліміздің Әнұраны «Менің Қазақстаным» әнінің авторы, ұлт руханиятына талай сырлы саз бен әсем әуен сыйлаған композитор. 1930 жылдың 15 тамызында Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданы Шәуілдір ауылында дүниеге келген.
Әуелі Қапланбектегі ветеринарлық техникумды бітірсе, кейін Сахалиндегі әскери училищені, елге келген соң Ташкент қаласындағы Хамза Ниязи атындағы музыка училищесін, содан соң Құрманғазы атындағы консерваториясының композиторлар дайындайтын факультетінде оқыған.
Шәмші Қалдаяқовтың көптеген әні Роза Бағланова, Ришад Абдуллин, Бибігүл Төлегенова, Рашид Мұсабаев, Зейнеп Қойшыбаева сынды әншілердің репертуарынан берік орын алды.
Қазақтың музыка өнерінде Шәмшінің орны ерекше, 300-ге жуық әні бар. Артына музыкалық мол мұра қалдырған Шәмші Қалдаяқов 1992 жылы 62-ге қараған шағында Алматы қаласында қайтыс болды.
1991 жылы Шәмші Қалдаяқов жайлы «Жылдарым менің, жырларым менің» атты ғұмырнамалық деректі фильм түсірілді. Осы жылы композитор Қазақстанның халық әртісі атағын алды.
