Италия премьер-министрі Джорджа Мелони Ресеймен Украина мәселесі бойынша келіссөз жүргізу үшін Еуропа атынан бір өкілді айқындау қажет екенін мәлімдеді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

18-19 маусымда өтетін Еуропалық саммит қарсаңында ұлттық парламенттің депутаттар палатасында сөйлеген сөзінде ол "жеткілікті өкілеттілігі жоқ түрлі форматтарды пайдалану тек бытыраңқылыққа, түсініспеушілікке және әлсіздікке әкеледі" деді.

"Негізгі мәселе кімнің қай форматты қолдайтынында емес. Мәселе – ешбір форматтың бүкіл Еуропа атынан сөйлеуге заңды өкілеттігі жоқтығында. Сондықтан мен көптен бері барлық мүше мемлекеттің сенімі мен мандатына ие беделді тұлғаны анықтау қажеттігін айтып келемін. Ол Еуропаның ұстанымын жеткізуге тиіс", – деді премьер-министр.

Оның айтуынша, Еуропа Украина бойынша бейбіт келісімге қол жеткізуге қажетті жағдай жасауға ықпал етіп, оның қауіпсіздік кепілдіктері мен ұзақ мерзімді тұрақтылықты қамтамасыз ететін жаңа еуропалық қауіпсіздік архитектурасын әзірлеу бағытында жұмыс істеуі керек.

"Алайда үйлестіру өкілеттіктерді толықтай басқаға беру дегенді білдірмейді", – деп толықтырды Мелони.

Оның сөзінше, Украина мен Ресей арасындағы кез келген маңызды бейбіт реттеу сценарийінде көптеген шарт Еуропаға байланысты болады, Еуропаның өзіне қатысты болады және Еуропаға әсер етеді.

"Ресейге қатысты біздің берік ұстанымымыз дипломатиялық соқырлыққа немесе өз-өзімізді оқшаулауға әкеп соқтырмауға тиіс. Мен Еуропаның Мәскеумен өзара іс-қимылдың жолдарын бірлесіп әрі прагматикалық тұрғыда қайта қарастыруы қажет деген мәселені көтеруді жалғастырып келемін", – деп түйіндеді премьер-министр.