Қазақстандағы мектептерде информатика пәнінің мазмұны жасанды интеллекттің (ИИ) дамуына байланысты түбегейлі өзгереді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Оқу-ағарту министрлігі мектеп пәндерінің мазмұнын жасанды интеллекттің дамуын ескере отырып жаңартты. Өзгерістер тек пән атауларына ғана емес, олардың мазмұнына да әсер етеді — бағдарламаларға ИИ, цифрлық қауіпсіздік және деректерді талдауға қатысты ондаған жаңа оқу мақсаттары енгізілді.
«Бүгінгі мектеп оқушылары күнделікті өмірде жасанды интеллект құралдарын қолданып жүр. Ендігі міндет — оларды бұл технологияны жай ғана пайдалануға емес, оны саналы, тиімді әрі жауапкершілікпен қолдануға үйрету», — деп атап өтті ведомствода.
1–4 сынып оқушыларына арналған «Цифрлық сауаттылық» пәні «Цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект» деп, ал 5–11 сыныптардағы «Информатика» пәні «Информатика және жасанды интеллект» деп қайта аталады.
Өзгерістер тек жаңа атаумен шектелмейді. Оқу бағдарламаларына жасанды интеллектке арналған бөлімдер, сондай-ақ 43 жаңа оқу мақсаты қосылды.
Бастауыш мектепте оқушыларға жасанды интеллекттің не екенін түсіндіріп, цифрлық қауіпсіздік негіздерімен, жеке деректерді қорғаумен және цифрлық ортадағы мінез-құлық ережелерімен таныстырады.
Орта мектепте оқуда ИИ-ді қолдануға баса назар аударылады. Оқушылар нейрожелілерге сұраныс құрастыруды, алынған жауаптарды сыни тұрғыдан бағалауды, киберқауіпсіздік және академиялық адалдық талаптарын сақтауды үйренеді.
Жоғары сынып оқушылары жасанды интеллекттің жұмыс принциптерін, машиналық оқыту, нейрондық желілер, деректерді талдау және қолданбалы криптография негіздерін зерттейтін болады.
Министрлікте жаңартылған бағдарламалар мектептерде апробациядан өтіп, оң сараптамалық қорытынды алғанын хабарлады. Қазіргі уақытта құжаттар бекіту сатысында. Параллельді түрде педагогтарға арналған әдістемелік ұсынымдар дайындалуда — олар білім беру процесінде жасанды интеллектті қауіпсіз және тиімді пайдалануға бағытталған.
Бұған дейін «Курсив» 2026–2027 оқу жылынан бастап мектептерде «Конституция негіздері», «Заң және тәртіп» және «Жеке қауіпсіздік» жаңа курстары пайда болатынын жазған болатын. Олар оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруға бағытталған.
