Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мектеп психологтарының жалақысын арттыру мақсатында оларға сабақ беру мүмкіндігін ұсынды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Үкіметте өткен брифингте журналистер психологтар мен әлеуметтік педагогтардың жалақысына қатысты мәселе көтерді. Олардың айтуынша, мектептегі психолог 140 мың теңге, ал әлеуметтік педагог 85 мың теңге алады екен. Инклюзия үшін қосымша ақы небәрі 18 мың теңгені құрайды.

Министр Сүлейменова бұл проблеманың бар екенін растады. Ол мамандардың жалақысы үкімет қаулысымен реттелетінін айтты. Оның сөзінше, бұл мәселені шешу үшін бюджетке өзгеріс енгізу қажет, бірақ бұл үшін 20 мемлекеттік органның келісімі керек.

Министр әлеуметтік педагогтардың қазіргі кезде айына 118 мың теңге алатынын атап өтті. Ол бұл мәселені шешуге барын салатынын жеткізді.

Сонымен қатар, Сүлейменова биылдан бастап мектеп психологтары сабақ бере алатынын мәлімдеді. Жаңа оқу жылынан бастап "Жеке қауіпсіздік" курсы енгізілді. Министрдің айтуынша, бұл курсты педагог-психологтар оқыта алады, олардың сабақ беру тәжірибесі болуы шарт. Осылайша, психологтар жаңа курсты оқытып, қосымша сағат алғанда жалақыға қосымша ақы алады.