Қазақстанда мектеп пәндері жасанды интеллект (ЖИ) бойынша жаңа бөлімдермен толықтырылды. Оқу-ағарту министрлігі бұл туралы жоспарын жариялап, мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты, үлгілік оқу жоспарлары мен үлгілік оқу бағдарламалары жаңартылғанын хабарлады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Пән атауларының өзгеруі

1-4-сыныптардағы "Цифрлық сауаттылық" пәнінің атауы "Цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект" болып өзгертілді. Ал 5-11-сыныптардағы "Информатика" пәні енді "Информатика және жасанды интеллект" деп аталады.

Министрлік мамандарының айтуынша, бұл тек пән атауларының өзгеруі емес. Жасанды интеллект цифрлық технологиялар мен информатиканың ажырамас бөлігіне айналды. Осыған байланысты пәндердің мазмұнына жасанды интеллект бойынша жаңа бөлімдер мен барлығы 43 оқу мақсаты енгізілді.

Бастауыш сыныптағы өзгерістер

1-4-сынып оқушылары "Медиасауаттылық және ЖИ" бөлімі бойынша жасанды интеллектімен күнделікті өмірден алынған қарапайым мысалдар арқылы танысады. Олар цифрлық қауіпсіздік, жеке деректерді қорғау және цифрлық ортадағы жауапты мінез-құлық негіздерін меңгереді.

Орта буын: киберқауіпсіздік пен академиялық адалдық

5-9-сынып оқушылары "Компьютерлік ойлау және бағдарламалау", "Денсаулық, қауіпсіздік және ЖИ" бөлімдері аясында жасанды интеллект құралдарын оқу процесінде тиімді қолдануды, сауатты сұраныстар құрастыруды, алынған нәтижелерді сыни тұрғыдан бағалауды, сондай-ақ киберқауіпсіздік пен академиялық адалдық қағидаттарын сақтауды үйренеді.

Жоғары сыныптарға арналған бағдарлама

10-11-сыныптарда "Деректерді басқару және жасанды интеллект" бөлімі аясында жасанды интеллектінің жұмыс істеу қағидаттарын түсінуге және оны практикада қолдануға басымдық беріледі. Оқу мазмұнына машиналық оқыту, нейрондық желілер, деректерді талдау және қолданбалы криптография негіздері енгізілген.

Жаңартылған оқу бағдарламалары өткен оқу жылында апробациядан сәтті өтіп, оң сараптамалық қорытынды алды. Қазіргі уақытта педагогтер үшін білім беру процесінде жасанды интеллектіні тиімді және қауіпсіз қолдану жөніндегі әдістемелік ұсынымдар әзірленіп жатыр.