Денсаулық сақтау министрлігі каникулдан кейін балалардың ұйқысын ретке келтіруге қатысты кеңес берді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Жаңа оқу жылына дайындық мектеп формасын, рюкзак пен оқу құралдарын сатып алумен ғана шектелмейді. Баланың күн тәртібін алдын ала реттеу де аса маңызды. Әсіресе жазғы демалыс кезінде бала кеш жатып, кеш тұруға үйреніп қалған жағдайда ұйқыға жату және таңертең ояну уақытын біртіндеп ретке келтірген дұрыс.

Баланың ұйқыға қажеттілігі

Баланың ұйқыға деген қажеттілігі жас ерекшелігіне қарай анықталады. Америкалық педиатрия академиясының нақты ұсынымдары бар:

  • 011 жасқа дейін – тәулігіне 12–16 сағат ұйқы;
  • 021 жастан 2 жасқа дейін – 11–14 сағат;
  • 033 жастан 5 жасқа дейін – 10–13 сағат;
  • 046 жастан 12 жасқа дейін – 9–12 сағат;
  • 0513 жастан 18 жасқа дейін – 8–10 сағат ұйқы қажет.

Баланың күн сайын шамамен бір уақытта ұйықтап, бір уақытта оянғаны дұрыс. Толыққанды ұйқы ағзаның қалпына келуі үшін қажет және зейін, есте сақтау, эмоционалдық жағдай, сондай-ақ жаңа ақпаратты қабылдау қабілетін жақсартады.

1-сынып ерекше көңіл бөлу керек

Бірінші сыныпқа баратын баланың қалыптасқан күн тәртібі айтарлықтай өзгереді. Сондықтан мамандар бірінші сынып оқушыларына ұзақтығы екі сағатқа дейінгі қосымша күндізгі демалысты да қарастыруды ұсынады.

"Алғашқы апталардағы басты міндет – баланың жаңа күн тәртібіне біртіндеп үйренуіне көмектесу және оның қалпына келуіне жеткілікті уақыт беру", - дейді мамандар.

Мектеп режиміне алдын ала және күрт өзгеріссіз көшкен дұрыс.

Негізгі кеңестер

  • 01күн тәртібін сақтау;
  • 02ұйықтар алдында гаджеттерді пайдалануды шектеу;
  • 03ұйқы алдында тыныш орта қалыптастыру (серуендеу, жылы душ қабылдау, кітап оқу немесе тыныш әңгімелесу);
  • 04бөлмені ұйқыға дайындау.