Қазақстанда мектеп оқушыларын профилактикалық тексеру цифрлық форматқа көшіріліп жатыр. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2026 жылы балаларды профилактикалық тексеруді ұйымдастыру және өткізу тәртібі қайта қаралып, ауруларды ерте анықтауға басымдық берілді.
Министрлік хабарламасында: "Алғаш рет барлық баланы тексеру барысында ЭКГ аппараттары, фонендоскоптар, пульсоксиметрлер, отоскоптар, ауыз қуысыішілік камералар және жасанды интеллект технологияларын қолданатын басқа да цифрлық диагностикалық құрылғыларды кеңінен пайдалану жоспарлануда", - делінген.
2025 жылы құрылған Балалардың цифрлық тіркелімі 54 көрсеткіш бойынша мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді. Олардың қатарында профилактикалық тексеру, қауіп факторларын анықтау, медициналық маршрутты қалыптастыру, бейінді маманға жолдау және динамикалық бақылау бар.
Сондай-ақ денсаулық сақтау ақпараттық жүйелерін Ұлттық білім беру деректер базасымен интеграциялау аяқталды. Бұл оқушылардың оқу орны мен тіркелген жері, профилактикалық тексерулер, вакцинациялау және денсаулық топтары туралы өзекті ақпаратты алуға мүмкіндік береді.
